Сайт бойынша ескертулер мен тілектерді site@abekp.kz мекен-жайына жолдаңыздар
Сайттың құрметті қонақтары! Әр аптаның сәрсенбі күндері аумақтық бөлімшелерінің басшылары кәсіпкерлермен кездесу өткізеді

RSS-жазылу

Кадрмен қамтамасыз ету

Қаржы полициясы органдарына қызметке қабылдау («Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан үзінді)


ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІНЕ ТҰРУ
 
6-бап. Құқық қорғау қызметіне тұру шарты
1. Құқық қорғау органдарына қызметке жасы он сегiзге толған, өзiнiң жеке, моральдық, iскерлiк, кәсiби қасиеттерi, денсаулығы мен дене бiтiмiнің даму жағдайы, бiлiм деңгейi жөнiнен өзiне жүктелген лауазымдық мiндеттердi атқаруға қабiлеттi Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті негізде қабылданады.
2. Құқық қорғау қызметіне:
1) заңмен белгіленген тәртіппен іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған;
2) әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес лауазымдық өкілеттіктерді орындауға кедергі келтіретін сырқаты бар;
3) өзінің мәртебесі мен соған негізделген беделін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерді болғызбау мақсатында заңда белгіленген шектеулерді өзіне қабылдаудан бас тартқан;
4) құқық қорғау қызметіне тұрар алдында үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған;
5) құқық қорғау қызметіне тұрар алдында бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылығы үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
6) құқық қорғау қызметіне тұрғанға дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
7) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жұмыстан шығарылған;
9) бұрын сотталған немесе қылмыстық жауаптылықтан ақталмайтын негіздер бойынша босатылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен, өзге де құқық қорғау органдарынан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен шығарылған адам қабылданбайды.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтерді ұсынбау немесе бұрмалау құқық қорғау қызметіне қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
4. Құқық қорғау органдарына қызметке тұру азаматтар мiндеттi арнайы тексеруден өткен жағдайда жүзеге асырылады.
5. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылданатын азаматтар қызметке жарамдылығын анықтау үшiн әскери-дәрiгерлiк комиссияларда медициналық куәландырудан міндетті түрде өтедi.
6. Азамат және оның зайыбы (жұбайы) құқық қорғау қызметіне тұрған кезде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғылықты жері бойынша салық органдарына табыстары және мүлкі туралы декларацияны табыс етуге мiндеттi.
 
 
8-бап. Құқық қорғау қызметіне қабылдау
1. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау лауазымға тағайындау жолымен, оның iшiнде құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқуға түскен адамдармен келісімшарт жасасу жолымен жүзеге асырылады.
2. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау құқық қорғау органы басшыларының немесе уәкілетті басшыларының бұйрықтарымен ресiмделедi. Бұйрық қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға қол қойдырып жарияланады.
3. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар өздерінің мәртебесi және соған негiзделген беделi жеке, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерде пайдалануға әкеп соқтыруы мүмкін iс-әрекеттерді болғызбау мақсатында өздерiне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген шектеулерді қабылдайды. Осы шектеу жазбаша нысанда ресімделедi. Шектеудi қабылдамау қызметке қабылдаудан бас тартуға, жұмыстан шығаруға әкеп соқтырады.
4. Қатардағы және басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған немесе құқық қорғау органдарының кадрына қабылданған әскери мiндеттiлер, құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоса алғанда, белгiленген тәртiппен әскери есептен шығарылады және құқық қорғау органдарының арнайы есебiне қойылады.
 
9-бап. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау
1. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқуға орта бiлiмi бар, жасы он алтыға толған адамдар қабылдана алады.
Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібін жалпы білім берудің оқу бағдарламаларын тиісті деңгейде іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларына сәйкес құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
2. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетiн адамдар, сондай-ақ бюджет қаражаты есебiнен оқу ақысын төлей отырып, құқық қорғау органдарының жолдамасы бойынша шет мемлекеттердiң құқық қорғау органдарының жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына түсетiн адамдар білім беру ұйымдарындағы оқу мерзіміне және сонымен бір мезгілде білім беру ұйымдарында оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында орта және аға басшы құрам лауазымдарында қызмет өткеру туралы күнтiзбелiк есеппен бес жылға келiсiмшарт жасасады.
3. Келiсiмшартта тараптардың (оқуға түсетiн адамның және құқық қорғау органының лауазымды адамының) өзара міндеттемелерi мен жауапкершілiгi белгiленедi және білім беру ұйымын бітіргеннен кейін құқық қорғау органында қызметті одан әрі атқарудың шарттары мен мерзімдері көзделеді. Келiсiмшарт қабылдау комиссиясының құқық қорғау органының білім беру ұйымына қабылдау туралы шешiмiнен кейiн жасалады. Келiсiмшарттың нысаны, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртiбi құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
4. Жасы он сегізге толмаған адамдармен келісімшарт жасалған жағдайда, олардың ата-аналарының, бала асырап алушыларының немесе қамқоршыларының келісімі қажет.
5. Құқық қорғау органдарының жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламасын іске асыратын білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқуын бітірген қызметкерлер құқық қорғау органдарында кемінде бес жыл, жалпы орта және кәсіптік білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын іске асыратын қызметкерлер кемінде үш жыл қызмет өткеруге міндетті.
6. Қызметкер құқық қорғау органының білім беру ұйымын аяқтағаннан кейiн құқық қорғау органдарында одан әрi қызмет өткеруден бас тартқан не келiсiмшартты мерзiмiнен бұрын бұзған жағдайда, ол өзін оқыту кезеңiнде стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай жабдықталымына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге мiндеттi. Ұсталуға тиiс сома келiсiмшарт мерзiмi аяқталғанға дейiнгi қызмет толық атқарылмаған әрбiр айға тепе-тең есептеледi.
7. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын құқық қорғау органының білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқудың толық курсын бiтiргендер үшін оқыған уақыты мерзімді әскери қызметті өткерумен теңестіріледі. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының, өзге де мемлекеттердің құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының түлектері бөлуге сәйкес қызмет өткеруге жіберіледі.
8. Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының күндiзгi бөлiмдерiнiң әскерге шақырылу жасына жеткен және үлгерімі төмен болғаны, тәртiп сақтамағаны үшін, сондай-ақ өз еркiмен оқудан шығарылған курсанттары (тыңдаушылары) әскери есепке қою үшiн тұрғылықты жерiндегі әскери басқару органдарына жiберіледi. Олар мемлекетке өздерін оқыту кезеңiнде стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай жабдықталымына жұмсалған бюджет қаражатын өтеуге мiндеттi. Ұсталуға тиiс сома білім беру ұйымдарында болған әрбiр толық айға тепе-тең есептеледi.
9. Бюджет қаражатын мемлекет пайдасына өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
10. Жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары диплом алдындағы практикадан өту үшiн құқық қорғау органдарына жiберген курсанттар (тыңдаушылар) практикадан өту кезеңiне бос лауазымға тағайындалады.

10-бап. Құқық қорғау органдарының қатардағы және басшы құрам лауазымдарына орналастыруға қойылатын талаптар
1. Құқық қорғау органдарының қатардағы және кiшi басшы құрам лауазымдарына – жиырма бес жастан аспаған, орта және аға басшы құрам лауазымдарына – отыз бес жастан аспаған, тиісті бiлiмi бар және мерзiмдi әскери қызмет өткерген азаматтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзiмдi әскери қызметке шақырудан босатылған немесе кейiнге қалдырылған азаматтар қабылданады.
2. Қатардағы және кіші басшы құрам лауазымдарына құқық қорғау органының лауазымдары санатына қойылатын біліктілік талаптарына байланысты кемінде орта білімi бар азаматтар қабылданады немесе қызметкерлер тағайындалады.
Орта басшы құрам лауазымдарына құқық қорғау органының лауазымдары санатына қойылатын біліктілік талаптарына байланысты техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білімi бар азаматтар қабылданады немесе қызметкерлер тағайындалады.


13-бап. Қызметкерлердің Ант қабылдау тәртібі
1. Мыналар:
1) құқық қорғау органдарына бірінші рет қызметке тұрған, арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілген адамдар;
2) білім беру ұйымдарының бұрын Ант қабылдамаған курсанттары, тыңдаушылары – оқуға қабылданғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей;
3) бұған дейін қандай да бір себептер бойынша Ант қабылдамаған қызметкерлер Ант қабылдайды.
2. Ант құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының басшылық етуімен құқық қорғау органында салтанатты жағдайда қабылданады.
3. Қызметкерлердің дер кезінде Ант қабылдауы, қызметкерлердің Ант қабылдауын ұйымдастыру мен қабылдау есебін жүргізу құқық қорғау органдары кадр бөлімшелерінің басшыларына жүктеледі.


21-бап. Қызметкерлердің нысанды киімі және айырым белгілері
1. Қызметкердің құқық қорғау қызметін өткеретін құқық қорғау органына байланысты оның құқық қорғау қызметіне қатыстылығын көрсету мақсатында қызметкерлердің арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері бойынша нысанды киім және айырым белгілері белгіленеді.
2. Арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілген қызметкерлер нысанды киіммен тегін қамтамасыз етіледі.
3. Нысанды киімнің сипаттары, айырым белгілері, киіп жүру тәртібі және онымен қамтамасыз ету нормасы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
 
64-бап. Қызметкерлерге еңбекақы төлеу, оларды зейнетақымен және өзгедей қамсыздандыру
1. Қызметкерлерге ақшалай үлес Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi және ол ақшалай қаражат пен қызметтi өткерудiң ерекше жағдайлары үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленетін үстемеақыларды қамтиды.
2. Қызметкерлердiң ақшалай қаражаты лауазымдық айлықақыдан және арнаулы атағы немесе сыныптық шені үшiн берілетін қосымша ақыдан тұрады.
Лауазымдық айлықақыны және сауықтыруға берілетін жәрдемақыларды есептеу үшін жұмыс өтілі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектiгi бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Қызметкерлердiң iссапар куәлiгiн көрсету арқылы көлiктің барлық түрiнде жол жүру құжаттарын және мейманханаларда тұру үшiн орынды бiрiншi кезекте алуға құқығы бар.


Кадрмен қамтамасыз ету жөніндегі мәселелері бойынша мына телефондар 8 (7172) 32-16-21; 32-43-03; 32-29-98; 32-11-10 арқылы қажетті мәліметтерді алуға болады.

Астана қаласы бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі 8 (7172) 57-03-10; кезекші бөлім 21-06-10; 21-09-01
Алматы қаласы бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі 8 (7272) 78-75-47; кезекші бөлім 78-73-00; 78-73-64
Ақмола облысы бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі 8 (7162) 40-22-45; кезекші бөлім 25-71-61; 25-71-69
Ақтөбе облысы бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі 8 (7132) 56-46-25; кезекші бөлім 56-74-10
Алматы облысы бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі 8 (7282) 24-74-50; кезекші бөлім 24-76-23; 24-70-13
Атырау облысы бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі 8 (7122) 32-24-77; кезекші бөлім 32-24-21; 35-42-85
ШҚО бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі: 8 (7232) 25-16-11;  кезекші бөлім 25-26-77; 25-15-27
Жамбыл облысы бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі 8 (7262) 45-78-38; кезекші бөлім 43-52-91; 45-35-09
БҚО бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі 8 (7112) 51-56-28; кезекші бөлім 51-90-70; 51-56-20  
Қарағанды облысы бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі 8 (7212) 41-26-87; кезекші бөлім 41-26-89; 41-26-77
Қостанай облысы бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі 8 (7142) 53-75-09; кезекші бөлім 53-59-20
Қызылорда облысы бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі 8 (7242) 27-05-92; кезекші бөлім 27-82-40  
Маңғыстау облысы бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі 8 (7292) 53-15-05; кезекші бөлім 53-16-00; 50-48-89
Павлодар облысы бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі 8 (7182) 50-09-82; кезекші бөлім 50-26-81; 50-04-40
СҚО бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі 8 (7152) 46-34-68 кезекші бөлім 46-40-52  
ОҚО бойынша ЭСЖКД: кадрлар бөлімі 8 (7252) 53-57-31; кезекші бөлім 53-43-87; 53-77-36
Қаржы полициясының академиясы: кадрлар бөлімі 8 (71651) 9-92-84; кезекші бөлім  9-93-23; 9-94-02